2022 жылғы 28 сәуірінде Алтынсарин ауданының әкімдігінде Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартовтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу мәселелері бойынша кездесу өтті.
Кездесу диалог форматында болды. Академия филиалының директоры Ақерке Бекахметова кездесу қатысушыларын Академияның Қостанай облысы бойынша филиалының қызметімен қысқаша таныстырды, өзінің жеке тәжірибесіне сүйене отырып, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары жайлы баяндап берді.
Кездесуге қатысушылар аудан басшылығы – Академияның түлегі Арнұр Маратұлының үздіксіз кәсіби даму мен біліктілікті арттырудың маңыздылығын атай отырып, оларды оқуға үнемі ынталандыратынын, алайда қызметкерлердің көбісінің шет тілін білмейтіндігінен оқуға түсу мәселесін кейінге шегеруге мәжбүр екендіктерін айтты. Сондай-ақ, бүгінде Академияның дайындық курстарынан өтіп, оқуға түсуге дайындалып жатқандар да болды.
Кездесу соңында Академияның Қостанай облысы бойынша филиалының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зәмзәгүл Шахаман «Тиімді коммуникациялар» тақырыбында промо-тренинг өткізді.
Мұндай сапарлар Академия филиалымен облыстың басқа да аудандарына, соның ішінде алыс аймақтарға – Арқалық қаласына, Торғай және Амангелді аудан орталықтарына жоспарланып отыр.