Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің Қостанай облыстық қауымдастығының (бұдан әрі – Қауымдастық) мүшелері жергілікті жоғары оқу орындарының студенттерімен мемлекеттік қызметші мамандығын игерудің жеке тәжірибесімен бөлісуді жалғастырып келеді.
Кеше З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің студенттерімен кездесу өтті.
Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бас маманы Әлия Айтуарова, Академия түлектері қауымдастығының үйлестірушісі Шолпан Сахова және Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының өкілі Айнұр Мұсабаева қатысты.
Бұл кездесудің мақсаты-жастар арасында мемлекеттік қызметті насихаттау болды.
Кездесу барысында Шолпан Сахова аудиториямен мемлекеттік қызметтегі жетістіктері мен тәжірибесімен бөлісті . Академияда оқу туралы, оқу аяқталғаннан кейін қандай мүмкіндіктерге ие болғанын айтып, жастарды елдің дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.
Студенттерге әкімшілік мемлекеттік қызметке кіру шарттары және тестілеу тәртібі туралы айтылды.
Айнұр Мұсабаева өз кезегінде кездесуге қатысушыларды жастар бағдарламаларымен, түрлі ұйымдарда жастар тәжірибесінің өтуімен таныстырды.
Кездесу диалогтық форматта өтіп, онда жастар практикадан өту, мемлекеттік басқару академиясына түсу бойынша белсенді сұрақтар қойды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі бос жұмыс орындарына қызығушылық танытты. Студенттер барлық сұрақтарына толық жауап алды.