Іскерлік хат алмасу – ұйымдармен, клиенттермен, серіктестермен өзара қарым-қатынас құралдарының бірі және кез-келген мекеме қызметінің маңызды бағыты. Қандай да бір істің нәтижесі іскерлік хат пен құжаттаманы дұрыс жүргізуге байланысты. Сапалы ресімделген құжат мекеменің имиджін арттыруда маңызды шарт болып табылады.
Осы және басқа да мәселелер төңірегінде 22 қазанда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалында «Іскерлік хат алмасу және мемлекеттік тілдегі ресми құжаттарды дайындау» тақырыбында біліктілікті арттыру семинары өткізілді.
Семинардың мақсаты — ресми стильдің жаңа орфографиялық нормаларын меңгерту, латыннегізді жаңа әліпбидің құрылымы және ерекшеліктерімен таныстыру, ресми мәтіндерді оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру.
Семинар барысында қарастырылған тақырыптар:
- — Жаңа латын әліпбиі: құрылымы, ерекшеліктері, құжат мәтініндегі жазылымы;
- — Ресми іскерлік стиль мен емле нормаларының ережелері;
- — Әр түрлі мазмұндағы ресми мәтіндерді құрастыру дағдылары;
- — Латын тілінде жазылған ресми мәтіндерді оқу. Практикалық кейстерді талдау.
Семинар сабақтары интерактивті форматта — тренинг, топтық пікірталас, практикалық жаттығуларды орындау арқылы ұйымдастырылды.
Тренер ретінде «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жұлдызай Ербатырова шақыртылды.
Оқытудың нәтижесі мемлекеттік тілдегі ресми хаттар мен құжаттарды дайындау бойынша қатысушылардың кәсіби құзыреттері мен тәжірибелік дағдыларын арттыруға бағытталды.