Жаңалықтар

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент» семинары

А.ж. 28 қарашасында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалында Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілері мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент» тақырыбы бойынша бір күндік семинар өтті. Арқалық, Рудный, Жітіқара, Денисов аудандарының тыңдаушылары қашықтықтан онлайн форматта қатысты.

✅Семинар тренері тарих ғылымдарының кандидаты, ISO 37001 халықаралық стандарты бойынша сертификатталған маман, филиал профессоры Зәмзәгүл Шахаман 2022-2026 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы негізінде ақпарат ұсынды. Ағымдағы ахуалды талдау, халықаралық тәжірибеге шолу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту пайымы, нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер, тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары қоса берілді. Семинарға қатысушылар ISO 37001:2016 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті. Қолдану талаптары мен нұсқаулығы» жүйесімен де таныстырылды. Оны енгізу және жұмыс істеу тәсілдері туралы тәжірибеден алынған мысалдар арқылы түсінік берілді.

▫️Тыңдаушылар кері байланыс сауалнамаларында жақсы пікірлер қалдырып, тақырыптың өзектілігін және оны ұсынудың қолжетімділігін атап өтті.