Ынтымақтастық күші
Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың маңыздылығы тақырыбын ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Ақерке Бекахметова «Мемлекеттік қызмет саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу» тақырыбындағы пікір талас барысында көтерді.
Іс-шара 2022 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің (бұдан әрі – Департамент) бастамасымен өтті.
Ақерке Дәуренбекқызы қазіргі қарқынды дамып келе жатқан әлемде жетістікке жетуді қалайтын әрбір адам, әсіресе, мемлекеттік қызметшілерге қатысты, үздіксіз даму мен оқудың маңызын атап өтті. Мемлекеттік мекемелердің персоналды басқару бөлімдерінің басшыларына, мемлекеттік қызметшілердің дамуы мен білім алуын алдын ала жоспарлау қажет екендігін, және оқуға жіберілетін семинар тақырыбы мемлекеттік қызметшінің функционалдық қызметіне, кәсіби қызығушылығына, әрі жұмыста кездесетін қиындықтарына тікелей қатысты болуын айтып, осы мәселеге аса мән берулерін сұрады.
Департамент басшысы Асхат Исендиров өз кезегінде барлық мемлекеттік органдардың басшыларына мемлекеттік қызметшілерді Мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша келесі оқу жылына түсу бойынша кәзірден бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді және оларды Филиалдың ақпараттық мессенджерлеріне қосуды ұсынды.
Талқылау барысында сонымен қатар персоналды басқару қызметінің жұмысы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексі мәселелері бойынша мәселелер көтерілді.