News

Академияның Қостанай түлектер қауымдастығы мүшелерінің академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің студенттерімен кездесуі

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің Қостанай облыстық қауымдастығының (бұдан әрі – Қауымдастық) мүшелері жергілікті жоғары оқу орындарының студенттерімен мемлекеттік қызметші мамандығын игеруде өз тәжірибелерімен бөлісуді жалғастыруда.

Бұл жолғы кездесу 2021 жылғы 16 қарашада академик З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік – техникалық университетінің студенттерімен өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы, қауымдастық мүшесі Асхат Ескендіров және тексеру комиссиясының мүшесі, қауымдастық төрағасы Арман Испудинов қатысты.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында мемлекеттік қызметті кеңінен насихаттау.

Асхат Ескендіров өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісе отырып, мемлекеттік қызметтің жүйесі, ерекшеліктері, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру тәртібі мен шарттары туралы ақпарат берді.

Арман Испудинов мемлекеттік қызмет ету қай уақытта да беделді екенін айта кетіп, «Жастар мемлекеттік қызмет үшін жаңа идеялардың генераторы бола алады, өйткені жастар әлемге жаңа көзқараспен қарайды. Қазір таңда мемлекеттік қызмет талантты жастарды қажет етеді», – деп өз сөзін түйіндеді.

Спикерлер сонымен қатар көптеген студенттер арасында мемлекеттік қызметке белгілі бір тәжірибесі бар адамдар ғана қабылданады деп ойлау арқылы қателесуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарды қиындықтардан, қалыптасқан стереотиптерден қорықпай, облыстың мемлекеттік қызметшілерінің қатарына батыл қадам жасауға шақырды.

Келесі кездесу М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенттерімен өтетін болады.