Ағымдағы жылдың 24 ақпанында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалында “Б” корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстарының қатысушылары үшін Development Day өтті.
“ПЖКР – 21 ғасырдағы көшбасшылыққа жол” мотивациялық сөзімен Қостанай облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының орынбасары Дамир Тоғжанов сөз сөйледі.
Тыңдаушылар Лисаков қаласының қарапайым, бірақ ынталы жігіті Дамирдің үлгісінде табысты мансап құраға болатынына көз жеткізді. Дамир Тоғжанов өз өмірінде жолшы, құрылысшы, несие менеджері, әдіскер маманы болып жұмыс істеп, тіпті мемлекеттік қызметте штаттық қысқаруға да ұшырағанын айтып, бірақ мойымай, халыққа адал қызмет ету ниетімен қайтадан мемлекеттік қызметкерлер қатарына қосылғанын баяндап берді. Мемлекеттік қызметте әр түрлі салаларда, яғни ТКШ, ішкі саясат бөлімі, кәсіпкерлікті қолдауда тәжірибе жинақтағанын және әр жерде әр түрлі контингентпен жұмыс жасап, бәрімен ортақ тіл тауып, мәселелерді шешу маңыздылығына тоқтады.
2019 жылы Дамир Тоқжанов Президенттік Жастар кадрлық резервіне іріктеу бойынша Ұлттық байқаудан сәтті өтіп, Ақордаға ҚР Президентімен кездесуге қатысқанын және Президенттік резиденцияға бару оның өміріндегі ұмытылмас оқиға болғанын айтып берді.
Сөз соңында жас спикер мемлекеттік қызметшілерге “Оқудан шаршамаңыздар, дағдыларыңызды жетілдіріңіздер! Өзіңіздің жеке және кәсіби өсуіңізге күніне кем дегенде жарты сағат немесе бір сағат уақыт бөліңіздер!» деген үндеу жолдады.