А.ж. 23 қарашасында ҚР Президентінің жанындағы МБА-ның Қостанай облысы бойынша филиалының қызметкерлері ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Аталған іс-шараны ұйымдастырушылар – «Саналы ұрпақ» қоғамдық қоры және Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы. Іс-шара З. Алдамжар атындағы ҚТҮТУ студенттер сарайында өткізіліп, қатысушылардың назарына фойеде кітаптар мен көркем суреттердің тақырыптық көрмелері ұсынылды. Конференция басталмас бұрын студенттер, мемлекеттік қызметшілер, оқытушылар өңірдегі тарихи ескерткіштер туралы, сондай-ақ “Агромашхолдинг”, “Баян – Сұлу”, “Большевичка” фабрикалары және облыстағы алғашқы жел электр станциясы қызметкерлері кәсіпорындарының қалыптасу жолдары туралы виджеосюжеттерді тамашалады.
ҚР мемлекеттік қызметінің қалыптасу кезеңдері туралы өз баяндамасында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Академиялық бағдарламалар орталығы басшысының орынбасары Әсет Абжақов айтып берді. 1991-1997 жылдары мемлекеттік қызметтің негіздері қаланып, конституциялық құрылыс жүрді, еліміздің заңнамалық базасы қалыптастырылды. 1997-2012жж. – бұл ҚР мемлекеттік қызметін дамытудың екінші кезеңі, оған іріктеу меритократия қағидатына негізделді. Негізгі мемлекеттік қызметшілердің этикасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетіне басты назар аударылды.
ҚР-ның заманауи мемлекеттік қызмет бүгінгі таңда халықаралық сарапшылар инновациялық элементтері бар стратегиялық қызмет ретінде бағаланады. Әсет Талғатбекұлы өз сөзінде жастарға жан- жақты дамып, қажетті құзыреттер мен дағдыларды игеруі керектігі туралы айтты. Себебі қазіргі белгісіздік пен түсініксіздік, яғни VUCA әлемінде басты ұран: “алға немесе шетке кет!», яғни істей алмасаң, бұл жұмысқа лайықты болмасаң, осы жұмысты орындай алатын өзгеге жол бер!
Бұдан әрі ҚР Парламентінің экс-депутаты, қазіргі таңда “Тобыл”ӘКК басқармасының орынбасары Серік Бектұрғанов өз жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Қарасу ауданы Ильичев мектебі директорының орынбасары Диана Момбаеваның “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасының табысты тәжірибесі және Канададағы оқуы туралы мотивациялық баяндамасы жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Конференцияға жиналғандар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
Конференцияның нәтижесін «Мүмкін емес нәрсе жоқ» н/е «Алтынбайтын қамал жоқ» ұранымен қорытуға болады.