Жаңалықтар

«Development Day»

Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейде мәшһүр еткен ұлы Абай тұлғасы туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырды. Елбасымыз бір сөзінде: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды əлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс» деген еді. Яғни, ұлттық рухани биігімізді одан әрі асқақтата түсуді меңзесе керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы құжатқа қол қойды. Олай болса, келер жыл елімізде ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абайдың мерейтойының  аталып өтілуімен ерекшеленбек. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абай әлемін танимыз» атты Development Day өткен болатын.

Іс – шараның қатысушылары, яғни «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілер, аталмыш іс-шара барысында ұлы ойшылдың шығармашылығы мен өміріне терең бойлап, мұрасы туған халқы үшін ешқашан да сарқылмайтынына тағы да көз жеткізді.

Квест жасампаздықты, ауызбірлік және ұшқыр ойды қажет ететін «Абай жолы», «Абай әлемді баурап алды» челленджі, «Абайдың әндері мен өлеңдері», «Көлгір мысал», «Үй тапсырмасы» атты 5 бөлімді қамтыды. Квестке қатысу барысында тыңдаушылар оқу пәндерінің бағдарламасы шеңберінде көшбасшылық және эмоциялық интеллект, шешендік өнер, ынтымақтастық, қызметті басқару және шешімдер қабылдау сынды құзыреттіліктерді арттыруға мүмкіндік алды.

Іс – шара барысында Абай шығармаларын үш тілде орындалды, жырдан шашу шашылып, ән де шырқалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалында біліктілікті арттыру семинарының және қайта даярлау курстарының тыңдаушыларының дүниетанымын арттыру мақсатында рухани құндылықты, ұлттық сана – сезімді, танымдық үрдісті арттыруға бағытталған іс – шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады және тыңдаушылар мен қатысушылар тарапынан жоғары бағаға ие болып жатады