ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды делінген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші қарапайым, әділ және халық пен мемлекетке адал қызмет етуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің этикалық мінез-құлқының осы және басқа да аспектілері ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалы өткізген «Мемлекеттік қызметшінің этикасы мен имиджі» атты біліктілігін арттыру семинары барысында қаралды.
Семинардың басты мақсаты мемлекеттік қызметшінің оң имиджін арттыру үшін мемлекеттік қызметтің этикасы туралы кешенді білімді қалыптастыру болып табылады.
Семинар барысында келесі тақырыптар талқыланды:
- Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама және Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптары;
- Этикалық қызметкердің жаңа моделін қалыптастыру. Шектеулер мен тыйымдарды сақтау;
- Мемлекеттік қызметшінің имиджі. Ұйымдағы моральдық-психологиялық жағдайды қалыптастыру және мониторингтеу;
- Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты;
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық;
- Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік және әкімшілік жауапкершілігі.
Тренерлер ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Асхат Искендиров, Қостанай облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков және филиалдың аға оқытушысы Дариха Акмухамбетова шақырылды.
Семинар интерактивті пікірталас, “миға шабуыл” әдісі арқылы нақты мәселелерді шешуде шағын топтардағы ситуациялық жағдайлар мен кейстерді шешу бойынша өткізілді. Тыңдаушылар әріптестерімен өз жұмыс тәжірибелерімен белсенді бөлісті.
Қатысушылар семинар соңында мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін арттыру бойынша ұсыныстар әзірледі.